Астанада «Әлеуметтік вектор: кәсібилік, мойындау, цифрлық болашақ» атты халықаралық форум өтті

Астанада «Әлеуметтік вектор: кәсібилік, мойындау, цифрлық болашақ» атты халықаралық форум өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры бірлесіп ұйымдастырды.

Форум әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне орай өткізіліп, әлеуметтік қамсыздандыруды деректер мен жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы жаңғырту мәселелеріне арналды.

Форум жұмысына Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов, Президенттің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жакупова, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстанның әлеуметтік ведомстволарының өкілдері, сондай-ақ ҮЕҰ мен сарапшылар қатысты.

Форум аясында цифрлық шешімдер мен заманауи оңалту құралдарының көрмесі ұйымдастырылып, оған «Тыныс» АҚ белсене қатысып, өз өнімдері мен инновациялық әзірлемелерін ұсынды.