ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МАШИНА ЖАСАУШЫЛАР КҮНІНЕ ОРАЙ
Кәсіби мереке — Қазақстан Республикасының Машина жасаушылар күні қарсаңында «Тыныс» АҚ қызметкерлері көп жылғы адал еңбегі, жоғары кәсіби біліктілігі және кәсіпорынның дамуына қосқан елеулі үлесі үшін салалық наградалармен марапатталды.
Казимир Александр Иванович, «Тыныс» АҚ №1 құю цехының құюшысы, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің төсбелгісімен марапатталды.
Александр Иванович кәсіпорында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Жалпы еңбек өтілі — 32 жыл. Көп жылғы еңбегі барысында өзін жоғары білікті маман ретінде танытып, өндірістік міндеттерін кәсіби деңгейде атқарып келеді.
Ол балқытылған металл мен қорытпаларды арнайы дайындалған қалыптарға құю арқылы металл бөлшектер мен дайындамаларды өндіру жұмыстарын жүзеге асырады. Балқыту процесін бақылайды, металл температурасын реттейді, қажетті материалдар мөлшерін есептейді және жаңа бұйымдарды игеруге белсенді қатысады.
Өндірілетін өнімнің сапасына ерекше мән беріп, жас мамандарға тәжірибесімен бөлісіп, кәсіпорынның кадрлық әлеуетін дамытуға елеулі үлес қосып келеді.
Ералина Салтанат Нургалиевна, №2 механикалық-құрастыру цехының бөлшектерді жуушысы, Қазақстан Машина жасаушылар одағының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Салтанат Нургалиевнаның жалпы еңбек өтілі 31 жыл, оның ішінде 18 жылын кәсіпорында еңбек етіп келеді. Ол бөлшектерді, жартылай фабрикаттарды, тораптар мен бұйымдарды белгіленген технологиялық процестерге сәйкес жуу жұмыстарын сапалы орындайды.
Жұмыс жабдықтарын дұрыс әрі ұтымды пайдаланады, еңбек өнімділігі нормаларын асыра орындайды, ауысымдық тапсырмаларды сапалы және белгіленген мерзімде орындайды.
Салтанат Нургалиевна еңбек ұжымында құрмет пен беделге ие. Әріптестеріне үнемі қолдау көрсетіп, қажет болған жағдайда көмек беруге дайын.
Александр Иванович пен Салтанат Нургалиевнаны лайықты марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз!
Оларға зор денсаулық, отбасылық амандық, кәсіби жетістіктер және жаңа белестер тілейміз! Білімі мен тәжірибесі, өз ісіне деген адалдығы мен еңбегі «Тыныс» АҚ-ның және отандық машина жасау саласының одан әрі дамуына қызмет ете берсін.
Қазақстан Республикасының Машина жасаушылар күні құтты болсын!



